Стационарлық үлгідегі ұйымға қабылдау шарттары

Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін қызмет алушыларды стационарлық үлгідегі ұйымдарға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдары (бұдан әрі – уәкілетті орган) қызмет алушының тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) уәкілетті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдары арқылы жүзеге асырады. Арнаулы әлеуметтік қызмет бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік емес меншік нысанындағы стационарлық үлгідегі ұйымдар қызмет алушыларды қабылдауды шарт негізінде жүзеге асырады. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемін ұсыну үшін өмірлік қиын жағдайда жүрген адам (отбасы) тұрғылықты жері бойынша ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына мынадай құжаттарды беру жолымен жүгінеді:
1) қызмет алушының жазбаша өтініші, ал кәмелетке толмаған және әрекетке қабілетсіз адамдар үшін – заңды өкілінің (ата-анасының біреуінің, қамқоршының, қорғаншының, асырап алушының, патронат тәрбиешінің және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес қамқор болуды, білім беруді, тәрбиелеуді, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да алмастыратын адамдардың, он сегіз жастан асқан адамның) осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтініші немесе медициналық ұйымның қолдаухаты;
2) қызмет алушының жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН) бар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) мүгедектік туралы анықтаманың көшірмесі (қарттар үшін талап етілмейді);
4) осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық карта;
5) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасынан үзінді көшірме (қарттар үшін талап етілмейді);
6) он сегіз жастан асқан адамдар үшін – соттың адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімінің көшірмесі (болған кезде);
7) зейнеткерлік жастағы адамдар үшін – зейнетақы куәлігінің көшірмесі;
8) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар үшін – Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі және оларға теңестірілген адам мәртебесін растайтын куәліктің көшірмесі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *